Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жолаушылардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді

2019 жылы көлік полицейлері әуе және теміржол көлігімен жүрген 35,5 миллионнан астам жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті,- деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің басшысы Оңал Бекеев халықпен есеп беру кездесуін өткізу барысында айтты. Кездесу ағымдағы жылғы 19 наурызда Департаменттің Facebook және  Instagram желілерінің ресми аккаунттарында онлайн режимінде өтті. Диалогқа желінің 600-ден аса пайдаланушылары қатысты.

Өз сөзінде Оңал Бекеев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдарының алдына қойған негізгі, яғни құқық бұзушылықтарға жол бермеу, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ету және полицияның қоғаммен өзара іс-қимыл жасауының тиімділігі туралы тапсырмаларына баса көңіл бөлді.

О. Бекеев жұртшылықты Көліктегі ПД-нің 2019 жылғы атқарған жедел-қызметтік жұмысының қорытындыларымен таныстырды.

«Бүгінгі күні Департамент қызметкерлері бүкіл республика бойынша көліктегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз етеді. Республика аумағында 18 әуежай, 1047 теміржол станциялары және 305 темір жол вокзалдары орналасқан»,- деді Оңал Бекеев. Көлік полицейлері өткен жылы теміржол көлігі арқылы жүрген 20,5 млн. жолаушылардың және 15 млн. әуе көлігі жолаушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

2019 жылы Департаменттің қызмет көрсету учаскесінде барлығы екі мыңнан астам құқық бұзушылықтар тіркелді. Жалпы қылмыстарды ашу 72,9%-ды құрады.

«Қоғамның қолдау көрсетуі біз үшін аса маңызды, себебі қоғаммен өзара іс-қимыл жасау халықтың полицияға деген сенімін арттырады, азаматтарға өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлестерін қосуға мүмкіндік береді» – деп атап көрсетті О.Бекеев.

Ол сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ілгерілету үшін мемлекет басшысының қойған міндеттерін іске асыру шеңберінде өткен жылы халықпен 774 жиын және  жолаушалыр поездарында 1000-нан астам кездесулер өткізілгенін айтты. Әртүрлі мәселелер бойынша 132 азамат қабылдауда болды.

Азаматтармен жұмыстың бұл түрі халыққа олардың өтініштеріне уақтылы әрі сапалы жауаптар алуларына мүмкіндік береді. Бұған қоса, 2019 жылы екі мыңдай өтініштер келіп түскен, олар бойынша да уақтылы жауаптар берілді.

«Былтыр Елбасының тапсырмасы бойынша Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019 2021 жылдарға арналған Жол картасы әзірленді, онда 9 бағыт және 54 іс-шара қамтылған. Бүгінгі күні ол іске асырылуда. Біз аумақтық бөліністеріміздің құрылымын қайта қарастырудамыз, барлық күш-құралдар вокзалдарда, поездарда және әуежайларда, сондай-ақ басқа да көлік объектілерінде құқық бұзушылықтың алдын алуды нығайтуға бағытталған», – деді көліктегі ПД басшысы.

Департамент басшысы баяндамасын аяқтағаннан кейін, жоғарыда атап көрсетілген әлеуметтік желілердің пайдаланушылары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойды.

Сұрақтардың көбі жолаушылар поездарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, көші-қон заңнамасына, темір жолдардағы жазатайым оқиғаларға және ішкі істер органдарына қызметке тұруға ниет білдірген үміткерлерге қойылатын талаптар туралы және басқа да мәселелерге қатысты болды. Қойылған барлық сұрақтарға Департамент басшысы толықтай жауап берді.

Тікелей эфир кезінде кейбір азаматтар көлік полицейлеріне алғыстарын да білдірді. Бұл полицейлер жұмысының жетістігі.

​Бас көлік полицейі барлық азаматтарға белсенді қатысқандары үшін алғысын білдіріп, келіп түскен өтініштер мен ұсыныстардың қараусыз қалмайтынын сендірді.

​»Біз полицейлердің жұмысы қоғамға түсінікті және ашық болуы үшін көптеген жұмыстар атқарудамыз. Бүгінгі Сіздермен кездесу тек қорытынды шығару үшін ғана емес, сонымен қатар полицейлердің халықпен өзара және сындарлы диалогы үшін өткізіліп отыр»,- деп түйіндеді сөзін көліктегі ПД басшысы.

Көлік полициясының ақпараттық ашық болуыүшін департаменттің интернет-ресурсы, сондай-ақ азаматтарға қажетті ақпарат алуға мүмкіндік беретін Вконтакте, Фейсбук, Майл.ру және Твиттер сияқты әлеуметтік желілері жұмыс істейтінін еске салды. Сондай-ақ Көліктегі ПД басшысының жеке өзі жүргізіп, күн сайын қарап отыратын блогі жұмыс істейді. Осы желілер бойынша әуе және темір жол көлігінің жолаушылары нақты уақыт режимінде өз сұрақтарын, хаттары мен ұсыныстарын электрондық түрде жолдай алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру