“Жолда қабылдау” акциясы: маңғыстаулық полицейлер 150-ден астам тұрғынды қабылдады
“Жолда қабылдау” акциясы қарсаңында маңғыстаулық полицейлер 150-ден астам тұрғынды қабылдады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Маңғыстау облысының аумағында 9-10 қыркүйек аралығында “Жолда қабылдау” республикалық акциясы өткізілуде. Акцияның бірінші күні Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында, екінші күні Көші-қон қызметі орталығында өтті.
Іс-шара барысында Маңғыстау облысы ПД әкімшілік полиция, жергілікті полиция қызметі және көші-қон қызметінің мамандары азаматтардың сұрақтарына мардымды жауап берді. Тұрғындар жүгінген негізгі мәселелер – көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін ауыстыру, азаматтық алу, қала жолдарындағы белгілерді жаңарту, автокөлікті заңдастыру және әкімшілік айыппұлдарды төлеу.
Акцияның 2 күнінде 150-ден астам тұрғын өтініш білдірді, ал әлеуметтік желілерде өткізілген тікелей эфирлерге 150-ге жуық сұрақ келіп түсті. Өз кезегінде полиция қызметкерлері барлық сұрақтарға белсенді түрде жауап беріп, мәселелер назарға алынды.
Аталмыш акция облыстың барлық қала, аудандарында өтуде. Осыған байланысты әлеуметтік желілердің ресми парақшаларында тікелей эфирлер жүргізілуде. Сонымен қатар, қазіргі уақытта азаматтар үшін 47 45 69 нөмірі белгіленген «қауырт желі» жұмыс істейді.