Жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, 2,5 млн теңге шығын келтірген түркістандық ұсталды
Жұмыс орнына ұрлыққа түсіп, 2,5 млн теңге шығын келтірген түркістандық ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан ҚПБ-ға облыс орталығында құрылыспен айналысатын ЖШС-нің басшысы атынан қатынас хат келіп түскен. Онда саябақ маңында орналасқан объектіде тұрған, құны 2,5 млн теңге болатын Kingdream бұрғылау құрылғысы ұрланғаны көрсетілген.
Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алынып, тәжірибелі тәртіп сақшылары іске кірісті.
Оқиға орнына шұғыл шыққан полицейлер күдіктіні анықтауға қатысты барлық жедел-іздестіру шараларын жүзеге асырды. Куәлардан жауап алынды. Жақын аумақтар мұқият тексерілді. Нәтижесінде осы қылмысқа күдікті ретінде Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталды. Ол жәбірленушінің жұмысшысы болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті бағалы құралды жұмыстан қайтарда білдіртпей алып шыққан. Және оны жасырып қойған. Содан оны сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратпақ болады. Алайда полицейлердің жеделділігі арқасында қылмыс ашылып, айғақты зат тәркіленіп алды. Бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.