Жыл басынан бері Ақтөбе облысында ЖКО салдарынан 11 адам көз жұмды
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен 164 жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан 11 адам қаза тауып, 158 адам жарақат алды.
Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізіледі. 10 ай ішінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін жаяу жүргіншілерге 170 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды, жаяу жүргіншілерге артықшылық бермеген көлік жүргізушілеріне қатысты 21 әкімшілік материал жасалды.
Атқарылған жұмыстарға қарамастан, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы орын алып отыр. Мысалы, 17 қараша күні «Volkswagen Passat» автокөлігінің жүргізушісі Сазды ауылы жағынан Ақтөбе қаласы бағытында «Ақтөбе-Богословка» автожолымен жүріп келе жатып, автожолдың 6-шақырымында екі жаяу жүргіншіні қағып кетті.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан жаяу жүргіншілердің бірі оқиға орнында қайтыс болды, ал екінші жаяу жүргінші әйел дене жарақатымен ауруханаға түсті.
Жаяу жүргіншілер тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен, ал олар болмаған жағдайда жол жиектерімен қозғалуы тиіс екенін есте сақтау қажет. Жүру бөлігінің шетімен қозғалар кезде жаяу жүргіншілер көлік құралдарының қозғалысына қарсы жүруге тиіс.
Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының салдары аса ауыр болады. Сондықтан көлік апаттарының алдын алу үшін жолдағы жағдайды облыстық Полиция департаменті тұрақты бақылауында ұстайды.