Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы полицияға 114 солтүстікқазақстандық жүгінді
Жыл басынан бері «102» қосымшасы арқылы полицияға 114 солтүстікқазақстандық азамат жүгінді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«102» қосымшасы – құқықтық тәртіпті сақтаудың тиімді құралы: өтініштер келіп түсу фактісі бойынша тіркеледі, әр ақпарат қысқа мерзім ішінде тексеріледі.
Әсіресе, құқық бұзушылыққа қатысты фото және бейнежазбаның қоса берілуі ақпаратты тексеруді жеделдетеді. Петропавл тұрғындарының бірі С.Мұқанов көшесінде тротуарда тұрған және жаяу жүргіншілердің жүруіне кедергі келтірген BMW автокөлігін суретке түсіріп алған, оны бірден аталмыш қосымша арқылы полицияға жіберген. Жүргізушіге қатысты сол күні көлікті қою ережелерін бұзғаны үшін хаттама толтырылды.
Мамыр айының соңында қосымша арқылы полицейлерге Жамбыл және Қазақстан Конституциясы көшелерінің қиылысында жол жүрісі қағидаларының бұзылғаны туралы бейнежазба келіп түсті. Осы жолы да BMW көліктің жүргізушісі өзімен бірге бір бағытта кетіп бара жатқан көліктердің бағдаршамның алдында тұрғанын елемей, қауіпті түрде қосарланған екі сызық түріндегі жол таңбасын кесіп өтіп, қатты жылдамдықпен басып озған. Бұдан бөлек, апаттық жағдай туғызған. Құқық бұзушы жедел түрде анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
«102» қосымшасы аудио және бейне қоңыраулар шалуға, мәтіндік хабарламалар, файлдар жіберуге мүмкіндік береді. Жыл басынан өңірдің 114 тұрғыны, негізінен петропавлдықтар, қосымшаның көмегімен полицияға жүгінді. Өтініштердің басым көпшілігі жол қозғалысы ережелерін бұзумен байланысты.
Бұл бағдарламаны Android платформасындағы құрылғыларға GooglePlay жүйесінен, ал iOS үшін AppStore жүйесінен жүктеуге болады.