Жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыстар үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осы орайда ІІМ тарапынан кейбір заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер әзірленіп, Парламенттің қарауына енгізілді.
Биылғы жылдың 11 қаңтарынан бастап бұл өзгерістер заңды күшіне енді.
Осылайша, балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстың барлық түрлеріне жауапкершілік қатаңдатылды.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қылмыс жасағаны үшін санкциялар күшейтілді.
Мәселен, Қылмыстық кодекстің 120-бабы зорлау қылмысы бойынша айтар болсақ, қылмыстық топ құрамында әрекет жасағаны үшін жазаның төменгі шегі – 15 жылдан 17 жылға дейін бас бостандығынан айыруға көбейтілді. Ата-анасының, өгей әкесінің, педагогтің осындай қылмысқа барғаны үшін санкция 17 жылдан 20 жылға дейін ұлғайтылды. Бұрын бұл норма бойынша санкция 12 жылдан 17 жылға дейін болды.
Мұндай өзгерістер ҚК 121, 122, 123, 124, 134, 144, 312-баптарына да енгізілді.
Бұл бастама кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын зорлық-зомбылық әрекеттері мен қылмыстарды ауыздықтайды деген үміт бар.