«Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясы өтуде
Алматы облысында полицейлер «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясын өткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 25 қарашасы мен 10 желтоқсаны аралығында Алматы облысының аумағында полиция қызметкерлері аталған іс-шараға мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін тарта отырып, «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясын өткізеді.
– Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Конвенция ережесіне сәйкес жыл сайын 25 қарашада «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясын өткізе отырып, халықаралық зорлық-зомбылық көрсетуді жою күні атап өтіледі. Осыған орай Қазақстанның барлық аумағында «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» акциясы өткізіледі. Оның шеңберінде – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты ескерту және жолын кесу, ана мен баланы қорғау, қоғамдағы отбасының рөлін нығайтуға бағытталған қабылданып жатқан шаралармен халықты таныстыру жүргізіледі, – деп айтып өтті Алматы облысы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бағдат Әшімов.
Акция аясында отбасылық құндылықтарды насихаттау, құқық бұзушыларға қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдардың іс-қимыл алгоритмі тақырыбына бағытталған іс-шаралар өткізіледі. Бұл іс-шараға полицияның қоғамдық көмекшілері, жастар бірлестіктері де қатысады.
– Барлық жерлерде қолайсыз отбасылардың тұрғылықты жері бойынша тексерулер жүргізілетін болады. Осыған орай, қандай да бір зорлық-зомбылық әрекеттерінен зардап шеккен азаматтар болса, Талдықорған қаласындағы Дағдарыс орталығының базасы аясында құрылған «Жедел желіге» (13-01) 8 (72-82-28-00-05) хабарласуларын сұраймыз.