Зорлық-зомбылықсыз өмір: Ақмолада профилактикалық дәріс ұйымдастырылды
"Қазақстан зорлық-зомбылықсыз" республикалық акциясы аясында Ақмола облысының полиция қызметкерлері отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және халықтың құқықтық білімін арттыруға бағытталған 100-ден астам алдын алу іс-шарасын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Осындай іс-шаралардың бірі – ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Ақмола облысы бойынша департаменті қызметкерлеріне арналған дәріс болды. Дәрісті отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Альбина Дауенова жүргізді.
Кездесу барысында зорлық-зомбылықтың себептері, түрлері мен салдары талқыланып, қолданыстағы заңнама, мемлекеттік қолдау шаралары және көмек алу мүмкіндіктері туралы айтылды.
– Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл тек физикалық емес, сондай-ақ психологиялық, экономикалық және жыныстық қысым. Оны дер кезінде танып, қайда жүгіну керектігін білу маңызды, – деп атап өтті Дауенова.
Қатысушылар дәріске белсенді қатысып, сұрақтар қойып, пікір алмасты. Іс-шара соңында дағдарыс жағдайларында көмек көрсететін ұйымдардың байланыстары көрсетілген ақпараттық материалдар таратылды.
Бұл шара қоғамда зорлық-зомбылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыруға, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және отбасы мен қоғамдағы сыйластықты насихаттауға бағытталды.