Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Оралда өзгенің көлігін айдап кеткен жігіт 20 тәулікке қамауға алынды

Оралдың он сегіз жастағы тұрғыны ВАЗ-2106 автокөлігін айдап кетіп, иесіне 400 мың теңге көлемінде залал келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz

Көлікті заңды иесіне қайтару үшін полиция қызметкерлері автокөлікті ұрлап кеткен азаматты қала сыртына дейін қууға мәжбүр болды.

Оқиға 7 қазан күні түнде орын алды. Автокөлік иесі Жүнісов көшесіндегі үйінің ауласында көлігін қойған, бірақ оны 18 жастағы қала тұрғыны ұрлап әкеткен. Хабарлама түскен соң Н.Назарбаев даңғылында келе жатқан сыртқы бейнебақылау камералары арқылы көлікті ұрлаған азамат тез табылды. Бірақ ол полиция қызметкерлерінің тоқтау талаптарына бағынбай, қашуға тырысқан.

Полицейлер жолдағы басқа да жүргішілердің қауіпсіздігі үшін және апаттық-қауіпті жағдай туғызбау үшін қатаң ұстау шараларын қолданбады. Алайда жас жігіт ұрланған көлікті ешкімге бергісі келмей, жоғары жылдамдықпен жол қозғалысының барлық мүмкін ережелерін бұзып және полицейлерден қашып, осылайша қала көшелерінде төтенше жағдайлар туғызды.

Полициядан қашқан жігіт қала сыртындағы Ақжайық шипажайына қарай бет алған кезде трассада екі патрульдік полиция қызметкеріне ұсталды. Істің мән-жайын анықтау барысында жас жігіттің бұрын істі болғандығы анықталды. Сонымен қатар, нарколог дәрігердің көлік құралын басқару кезіндегі қорытындысына сәйкес, уытқұмарлық мас күйінде болды.

Жүргізушіге қатысты 8 әкімшілік хаттама толтырылды, айыппұлдардың жалпы сомасы 237 382 теңгені құрады, сондай-ақ 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Оған қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, оның санкцияларымен бас бостандығынан айыру көзделеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру