Республиканың погонды құрдастары
Ел тыныштығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген полиция қызметкерлерінің қатарында Республикамен түйдей құрдас тұлғалар да бар. Тәртіп сақшылары 25 қазан күні дүниеге келгенімен, туған жылдары әртүрлі. Қарап отырсақ, еліміздің егемендік декларациясы 1990 жылы қабылданған, ал Республика күні мемлекеттік мереке болып 1995 жылы жарияланды. Сол себепті Polisia.kz редакциясының тілшісі тарихи күндері өмір есігін ашқан ел қорғандарынан сұхбат алуды жөн көрді.
25 қазан – біріне Қазақстанның тәуелсіздік алуына жасаған бірінші қадамы ретінде есептелсе, екіншілері үшін – мереке бекітілген күн. Мақаламыздың кейіпкерлері де 1995 пен 1990 жылғы қос полицей. Екеуінің арасы – 5 жас. Республиканың төл құрдастары Түркістан мен Жетісу облыстарында дүниеге келген. Оларды туған күннен бөлек, Отан алдындағы борыш түйістіреді.
Әңгіме Алматы және Шымкент қаласы Полиция департаменттерінің қызметкерлері Самат Жақсыбаев пен Бекасыл Мәкетай туралы болып отыр. Биыл тәртіп сақшылары жекеменшік күндерін ерекше атап өтпек, бұған себеп – 13 жыл бұрын мереке санатынан алынған Республика күнінін қайта жаңғыруы.
Полиция майоры Самат Жақсыбаев осы жылы 32 жасқа аяқ басты. 1990 жылы 25 қазан күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында дүниеге келген. Қазір ол Шымкентте жауапты учаскелік полиция инспекторы болып қызмет етеді. Өмірінің 14 жылын ІІО-ға арнаған екен. Аяулы жарымен бірге үш бірдей қыз тәрбиелеп отыр.
Тәртіп сақшысының сөзінше, айтулы күннің құрдасы болу – ерекшелік.
– Әрине, екінің бірі бұл күні дүниеге келе бермейді. Мен үшін – бұл бақыт. Еркін елде өскенімді мақтан тұтамын. Жастайымнан ата-анама барып, туған күнімді атап өтетінмін. Оқу оқып жүрген кезімде 300 курсанттың ішінде командир мені әдейілеп құттықтағаны әлі есімде. Бұл мен үшін қуаныш болды, өзімді ерекше сезіндім. “Республика күні” мереке ретінде қайта орылғаны дұрыс шешім деп ойлаймын, – деп бөлісті полицей.
Самат мамандығын жүрек қалауымен таңдаған. Көпбалалы отбасынан шыққан ол кішкентайынан иығына погон тағып, халыққа қызмет етуді армандаған. Сол себепті учаскелік полиция инспекторы қызметіне орналасқан. Ол – тыныштық күзетшісі. Күнделікті жұмысы тұрғындармен байланысты. Азаматтарға жақын болу, олармен тікелей байланыс орнатып, жағдайлары туралы білу және қажет кезінде көмек қолын созу – оның жұмысындағы негізгі міндет.
Келесі кейіпкеріміз – полиция капитаны Бекасыл Мәкетай. Ол Жетісу облысы Алакөл ауданы Үшарал қаласының тумасы. Тәртіп сақшысы Алматы қаласы Алмалы аудандық ПБ-да аға тергеушісі лауазымында қызмет етеді. Бекасыл 1995 жылдың 25 қазанында дүние есігін ашқан.
– Республика күнімен тұспа-тұс туғаным – мақтаныш. Балалық шағымда орталық алаңда мерекелік жиын өтетін. Достарыммен жиналып, сол жерге баратынбыз. Сонда қазақ елі менің туған күнімді менімен бірге атап жүргендей сезімде болатын едім. Балалық қой, әрине. Бүгінде мерекенің қайта жаңғырып, оралуы мен үшін қуаныш, – дейді Бекасыл.
Тергеу бөлімі – ішкі істер органдарындағы ең күрделі қызметтің бірі. Бұл саладағы қызметкерлердің бойында жауаптылық, шыдамдылық, төзімділік сынды қасиеттер болуы шарт. Тергеушінің құзіретіне күдіктінің қылмысқа қатыстылғын анықтау, кінәлілігін немесе кінәсіздігін дәлелдеу, айыпталушыларды жауапқа тарту кіреді. Бұл жұмыс біз ойлағаннан да көп уақыт алады. Бекасыл осы салада 9 жылдан астам уақыт еңбек етіп жүр.
Офицердің әкесі өрт сөндіруші болып жұмыс істеген, қазір зейнетте, ал анасы – бастауыш сынып мұғалімі. 27 жастағы полицей отбасында қамқор әке, аяулы жар. Екі баланың ардақты әкесі.
Самат пен Бекасылдың қызметі ешқашан да назардан тыс қалып көрген жоқ. Қызметіне адал, жұртқа жақын полицей ретінде мінсіз жұмысы үшін бірнеше мәрте алғыспен, грамотамен марапатталған. Бұл олардың өз мамандығына деген адалдықтың белгісі болса керек.
Бүгін Республиканың погонды құрдастары жаңа жастарын қызмет барысында қарсы алады. Мереке мен туған күн – жұмыстан босатпайды, ал елге қызмет әрдайым алдыңғы қатарда. Құқық бұзушылық адамды, уақытты, орынды таңдамайды. Қылмыс – минут сайын болады, оларды алдын алып, жұртты қорғау – тәртіп сақшыларының парызы.