Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Михаил қалай «Мәди» болды?

Бейбіт еліміздің тыныштығын күзету жолында өзге ұлт өкілдері де аянбай қызмет етіп келеді. Соның бірі – Мәди Крокус. Оның ұлты орыс болса да, жаны мен тілі қазақ. Жақында ол өзінің Михаил есімін Мәди деп ауыстырды. Халық қорғаны Түркістан облысы Арыс аудандық полиция бөлімінде қызмет етеді. Жас болса да адал еңбектің жолында жұртшылықтың алғысына бөленіп жүрген учаскелік полиция инспекторы қиындығы мен қызығы қатар жүретін жұмысы туралы Polisia.kz сайтының тілшісіне әңгімелеп берді.

Жуырда ғана 24 жасқа толған полицей бала кезінен қазақ тілін жетік меңгерген. Онысын мақтаныш деп емес, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы деп біледі. «Қазақ тілі – ұлттың болашағы» дегенді құп көретін Мәди өз ортасында, үйде, жұмыста қазақ тілінде сөйлейді екен.

Бұрынғы Михаил, бүгінгі Мәди өзінің жаңа есімімен ертеректе таныс болған көрінеді. Кішкентайынан өз ортасы Михаилды қазақшалап Мәди деп атап кеткен. Осы есімге әбден үйренген ол болашақта балаларының тегі қазақ есімінен болғанын қалап, атын заңды түрде ауыстырған. Өзін бұрыннан Мәди санайтын полиция аға лейтенанты бұл ісіне қуанатынын жасырмады.

Әр адам бала шақтағы балдәурен сәтін еске алғанда еріксіз әдемі күйге бөленеді. Сол күйді сізге сыйлағым келіп тұр. Айтыңызшы, Михаилдың балалық шағы қайда өтті. Сол сәттерді бүгінгі Мәди қалай еске алады?

– Балалық шақ дегенде жымия кетеміз. Сол шақтардың бала деңгейдегі бізге қиын көрінген тұстары болса да, ұмытылмас естеліктерге толы кезеңнің кез келген адам үшін орны бөлек. Сол «дәуірге» қайтып орала алмасақ та, еске түсіріп, сол күйге қайта ене аламыз. Әрине, сағынып еске аламын. Балалық шағым сұлу табиғатымен ерекшеленетін Леңгір қаласында өтті. Сол қалада ер жеттім, бой түзедім. Тәтті қиялдың жетегінде өз армандарымды мақсатқа айналдыру керек деген ұстанымда болдым. Туған жердегі мектепте 1-сыныптан 9-сыныпқа дейін білім алып, 10 және 11-сыныпты темір жолдың торабы Арыс қаласында тәмамдадым. 2017 жылы ҚР ІІМ Алматы академиясына оқуға түсіп, құқық қорғау саласында қызмет етсем деген арманыма бір табан жақындадым. Сол сәтте мамандығымның маңызын, оны таңдауда қателеспегенімді ұқтым. Сол сезім, сол мақтаныш мені өз саламда қадамдарымды нық басуға жетелеп келеді. Қазіргі таңда Арыс аудандық полиция бөлімінде қызмет етемін, – деді М. Крокус.

Мәди, білуімізше, отбасын құрғаныңызға көп болмады. Жауапкершілігі мол қызметте отбасына жеткілікті көңіл бөлемін деп ойлайсыз ба?

Иә, дұрыс айтасыз, қызметте жүктелген міндет көп. Жауапкершілік жоғары. Соған қарамастан әрқашан отбасыма көңіл бөлемін. Мен болашақта өз балаларыма әкесі ретінде ғана емес, тәртіп сақшысы ретінде де үлгі болуым керек. Отбасымның амандығы, үйдегі жайлылық пен тыныштық мен үшін маңызды. Себебі Отан отбасынан бастау алады, – деді ол.

Өзіне бекітілген әкімшілік аумақта қылмысты болдырмау, алдын алу, қылмыстың қайталануына жол бермеу – Мәдидің қызметтегі басты міндеттерінің бірі. Ол халық қорғаны болуды қызметтегі міндетім деп қана емес, Отан алдындағы ер азамат ретінде борышым деп біледі.

Мәди Крокус күнде қарапайым тұрғындардың ортасында жүреді. Оқыс оқиғаларда азаматтарға алғашқы болып көмек көрсетеді. Олардың мәселелерін тыңдау, оң шешімін табуға заң аясында жол көрсету сынды қызметтер Мәдиді бір сәт болсын жалықтырған емес. Себебі бұл қызмет – оның ақылы мен жүрегінің қалауы.

Мәдидің жұмысы таңғы 8:30-да басталады. Күнделікті жиналыстан шыққан соң жоспар бойынша қызметке кіріседі. Мінездеме, анықтама жазады, бекітілген әкімшілік аумақ бойынша арыз-шағымдарды қарап, сол  бойынша жұмыс жасайды. Сонымен қатар түскі үзіліске дейін азаматтарды қабылдайды. Одан соң келіп түскен қоңыраулар бойынша шақыртуларға барады. Жалпы, жұмыс кешкі 23:00-ге дейін жалғасады.

– Сізге бекітілген аумақта заң бұзушылықтар жиі бола ма?

– Иә, өкінішке қарай құқық бұзушылықтар болып тұрады. Бірақ жиі немесе көп демеймін. Маған жүктелген аумақта заңға қайшы әрекеттердің алдын алу үшін әрдайым азаматтармен профилактикалық жұмыстар жүргіземін. Жалпы, халық құқық бұзушылық жасамаса, тәртіпке бағынса екен деймін. Себебі менің бұл қызметтегі миссиям – халыққа көмек көрсету. Бірақ тура жолдан таятындар да кездеседі. Мысалы, пәтер ұрлығын алайық. Мұндай қылмысқа көбінесе жағдайы төмен жандар, мас күнемдікке салынып кеткен азаматтар барады. Қылмыстың, құқық бұзушылықтың мән-жайын дер кезінде анықтаймыз. Себебі қала аумағы үлкен емес. Барлық жерде камера бар. Мәселенің ақ-қарасына көз жеткізген соң ұрланған затты заңды иесіне қайтарамыз. Құқық бұзушыны бақылауға аламыз, тексереміз, заң шеңберінде шара қолданамыз.

Әңгіме барысында учаскелік полиция инспекторы қызметтегі есте қалған ерекше оқиғасын да айтып берді.

– Жақында ұрлық қылмысы бойынша оқиға орнына бардым. Аталған дерек негізінде жұмыс жүргізу барысында екі мас ер адамды байқап қалдым. Мен өз аумағымдағы тұрғындарды жақсы танимын. Жаңағы екі азаматтың да жағдайынан хабарым бар. Осы ұрлыққа солардың қатысы жоқ шығар деген үмітпен дейін бе, әлде күдікпен дейін бе, әйтеуір бір ойым соларда болды. Көз қиығын екеуі отырған үйдің аумағына салдым. Сенесіз бе, сол сәтте ұрланған заттардың бірін байқап қалдым. Осылай бұл қылмыс небәрі бір сағаттың ішінде ашылды. Осы оқиға мен үшін есте қаларлықтай болды. Учаскелік полицейлердің қызметтегі артықшылығы осында деп ойлаймын. Өз аумағындағы тұрғындарды бір кісідей таниды, – деді Крокус.

Шын мәнінде қоғам тыныштығына жауап беретін тәртіп сақшыларына жүктелген міндеттің салмағы ауыр. Полицейге сенген халықтың сеніміне қандай жағдай болсын селкеу түспеу қажет. Өйткені адам – қоғамның негізі. Оның құқығы – ең қымбат қазына. Адам құқығын әрқашан биікке қоятын Мәди «қашан да халықтың қорғанымын» дейді. Өз қызметіне адал, қандай да бір мәселені түпкілікті шешуге бар күшін салатын Мәди Крокусқа тұрғындардың да артар сенімі мол.

«Жұртқа жақын полиция» қағидатын ұстанған жас полицейдің қызметте алған марапаттары да аз емес. Соның бірі биыл Ішкі істер органдарында мемлекеттік тілді дамыту мен қолданыс аясын кеңейту ісіне елеуі үлес қосқаны үшін Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар ҚР Ішкі істер министрлігінің мұрындық болуымен жыл сайын өтетін «Парасатты полицей» республикалық байқауында «Тілі басқа – тілегі бір» номинациясын жеңіп алды. Аталмыш байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді жұмыста әрі тұрмыста кеңінен қолдану, ІІО қызметкерлерін патриоттық рухта тәрбиелеу. Бұл байқау полиция қызметкерлері арасында кеңінен танымал, оған қатысу – әр қызметкер үшін мәртебе.

Әділеттің ақ туын құлатпаған, антына адал, өз мақсаттарына берік, қиындыққа қайысып, еңсесі түспейтін арыстық полицейдің айтуынша, қызметтегі мұндай байқаулар, марапаттар бір орында қалып қалмауға, алға ұмтылуға септігін тигізеді. Ал халықтың өз аузынан естіген алғыс сөздерін ол ең жоғары марапатқа теңейді.

– Мамандығым – мақтанышым. Бұл қызметті адал атқаруға ант бергенмін. Сол ант жолында аянбай еңбек етемін. Мен ел тыныштығының қорғаны болсам, менің қорғаным – халықтың алғысы, – деп жас полицей өз сөзін аяқтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру