Мақтаарал тұрғыны мешітке келген жігіттің велосипедін ұрлап кеткен
Мақтаарал тұрғыны мешітке келген жігіттің велосипедін ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал полициясына жергілікті тұрғын Asbike велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның мешіт сыртына қойып кеткен велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, мешіт пен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді.
Полицейлер жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдіктіні Алматы қаласынан анықтады. Ол жергілікті тұрғын, бұрын сотты болған ер азамат болып шықты. Полицейлер жігіттен ұрланған велосипедті тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды.
Яғни, жәбірленуші азамат мешітке намаз оқуға велосипедін мініп келген. Содан соң велосипедті сыртқа қойып, өзі 10 минутқа ішке кіріп шыққан. Ал сыртқа шыққанда екі аяқты көлігін іздеп таба алмаған. Содан соң сақшылардан көмек сұраған.
Қазіргі уақытта күдікті ер адам қамауға алынып, ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адамның айтуынша, ол үйіне жету үшін ұрлық жасаған.