Жетісайда үш тұрғынның велосипедін жымқырып кеткен күдікті ұсталды
Жетісайда үш тұрғынның велосипедін жымқырып кеткен күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісай полициясына жергілікті тұрғын Stels велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданған. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның үйінің ауласында тұрған 55 мың теңгелік велосипедін белгісіз біреу жымқырып кеткен.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті. Тәртіп сақшылары аулаларды аралап, куәлардан жауап алып, жақын маңдағы дүкенге орнатылған бейнебақылау камераларын тексерді.
Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде күдікті ер адам тәулік ішінде ұсталды. Ол жұмыссыз, жергілікті тұрғын болып шықты. Тексеру кезінде сезіктінің бұдан басқа екі тұрғынның велосипедін ұрлағаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.