Жамбыл полицейлері Астанада тұрғынды ұрып-соққан күдіктілерді ұстады
Жамбыл полицейлері Астанада тұрғынды ұрып-соққан күдіктілерді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
26 желтоқсанда Астана қаласының Сарыарқа аудандық полиция бөліміне қаланың 23 жастағы тұрғыны тонау дерегімен арызданды. Ер адам белгісіз адамдардың оны ұрып-соғып, дене жарақатын келтіргенін және сөмкесінің ішінен 5 мың доллар қаражатын ұрлау әрекеттері жүзеге аспаған соң, белгісіз бағытқа қашып кеткенін баяндады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі (Қылмысқа дайындалу не қылмысқа оқталу) және 191-бабы 2-бөлігімен (Тонау) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілерді іздестіру бойынша бағыттама барлық өңірдегі полиция қызметтеріне жолданылды.
Осы жылдың 27 желтоқсанында жамбылдық патрульдік полиция қызметкерлеріне Қарағанды облысынан Түркістан облысы бағытында келе жатқан Daewoo Lacceti аталған күдіктілердің автокөлігі көрсетілген нұсқау берілді. Жедел ізге түскен Жамбыл облысы патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті сағат 12:00 шамасында Алматы – Екатеринбург автожолының 424-шақырымында тоқтатып, күдіктілерді ұстады.
Сондай-ақ көлік құралын тексеру кезінде тіркелмеген қару табылды. Тез арада ұстау орнына Мойынқұм аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы келіп, тиісті шараларды қабылдады. Қазіргі уақытта Мойынқұм АПБ тергеу бөлімінің қызметкерлері жиналған материалды Астана қаласының Сарыарқа аудандық полиция бөліміне тапсырды.