Абай облысында заңсыз кесілген ағашты тасымалдаған КамАЗ жүргізушісі ұсталды
Абай облысының аумағында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесуді, тасымалдауды және өткізуді анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 15-31 желтоқсаны аралығында табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері заңсыз ағаш кесу, қылқан жапырақты жас өсімдіктерді тасымалдау және сату фактілерін анықтауға бағытталған іс-шаралар жалғасып жатыр.
Рейдтік жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында облыс аумағында барлық жерде полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар қатарынан 48 мобильдік топ құрылды. Профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде полиция қызметкерлері Қарағай тұқымының қылқан жапырақты ағаштарын заңсыз кесудің 4 фактісін тіркеді.
Сондай-ақ Бесқарағай ауданында полиция қызметкерлері қылқан жапырақты алқаптарды кезекті аралау кезінде Қарағай тұқымының қураған ағаштарын заңсыз кесуді жүзеге асырған КамАЗ ауыр жүк көлігінің 62 жастағы жүргізушісін ұстады. Ағаш кесушіге қатысты ҚР ҚК-нің 340-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.