ШҚО-да көлік басқару құқығынан айырылған жүргізуші анықталды
Жүргізуші куәлігінсіз жүрген Ұлан ауданының тұрғыны бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Ұлан ауданы Қасым Қайсенов кентінде 38 жастағы жергілікті тұрғынның басқаруымен Hyundai автокөлігін тоқтатқан. Жүргізуші көлік құралын масаң күйде басқарды деген күдікке ілінген, алайда ер адам медициналық куәландырудан бас тартқан. Сондай-ақ қасқөйдің өткен жылы сот шешімі бойынша 7 жыл мерзімге жүргізуші куәлігінен айырылғаны анықталды.
Қазіргі уақытта ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Кінәсін мойындаған жағдайда күдіктіге бес жылға дейінгі мерзімге шектеу не бас бостандығынан айыру жазасы берілуі мүмкін.