Петропавл полицейлері саяжайда мылтық ұстап келе жатқан ер адамды ұстады
Петропавл полицейлері саяжайда мылтық ұстап келе жатқан ер адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері саяжай қауымдастығының аумағында екі ер адамды байқап қалды. Олардың біреуі полицейлерді көре сала қалың қарға белгісіз затты лақтырып, бой тасалады. Тәртіп сақшылары омбы қардан дара ұңғылы ИЖ-К аңшы мылтығы мен 16 калибрлі 5 патрон салынған қара пакет тапты. Ер адамның жеке басы анықталды. Ол 30 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Оның айтуынша, мылтықты аз уақыт бұрын бұталардың арасынан тауып алған. Тіркелмеген қаруды алып жүргені үшін оған қатысты материал жиналды, кейін сотқа жіберіледі. Тексеру жүргізіліп жатыр.
– Қаруды заңсыз қолдану үшін заңмен көзделген жауапкершіліктен құтылудың жалғыз мүмкіндігі — тіркелмеген қару-жарақты өз еркімен тапсыру. Қару сияқты басқа да қауіпті заттарды анықтаған жағдайда, олардың табылғаны туралы дереу полицияға хабарлау қажет, – дейді СҚО ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов.
Полицейлер айтып өткендей, тіркелмеген қару көбінесе қарапайым қауіпсіздік ережелерін ұстанбай сақталады екен. Бұл жазатайым оқиғаға себеп болуы немесе қылмыстық мақсатта ұрлануы мүмкін. Бұған жол бермеу үшін тәртіп сақшылары қаруды заңсыз сақтау фактілерін анықтау бойынша ұдайы жұмыс істейді. Өткен жылы заңсыз айналымнан 128 бірлік тіркелмеген қару тәркіленіп алынды.