Қостанайлық полицейлер қарағандылық кәсіпкерге тауарын қайтарып берді
Қостанайлық полицейлер қарағандылық кәсіпкерге тауарын қайтарып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға Қарағанды қаласының кәсіпкері жүгінді, ол 1 тонна кәмпит үшін 1 млн теңге төлегенін хабарлады. Шарт мерзімі бойынша тауар межелі жерге жетуі керек еді, алайда жеткізілмеген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында кәсіпкер жүк тасымалы туралы жалған хабарландыру жариялаған алаяқтардың арбауына түскені анықталды. Кәсіпкер оларға өзіне жүк жеткізу үшін жүгінген. Алаяқ кәсіпкердің сенімін пайдаланып, тауарды базадан алып, бірақ тағайындалған жерге жеткізбеген.
– Қарағанды тұрғынының өтінішінен кейін біз тергеу жүргізе бастадық, оның барысында істің мән-жайын мұқият зерделеп, тауарды қоймадан алып кеткен автокөлікті анықтай алдық. Қостанайдың 22 жасар тұрғыны жүк тасымалы туралы жалған хабарландыру жариялап, тауарды алып, оны үшінші тұлғаға қайта сатпақ болғаны белгілі болды. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 190 – бабы 2-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді өз сөзінде Қостанай қаласы басқармасы бастығының орынбасары Ербол Кәкенов.
Полиция кәсіпкерге 1 тонна кәмпиттің 800 келісін қайтарып берді, 200 келісін алаяқ сатып үлгерген.