Қызылорда облысында жолаушыны ұрып, телефонын тартып алған такси жүргізушісі сотталды
Қызылорда облысында жолаушыны ұрып, телефонын тартып алған такси жүргізушісі бас бостандығынан шектелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қ.есімді азамат Қызылорда қаласында такси қызметінде жүргенде, көлігіне мінген масаң жолаушының телефонын көріп, арам ойға кеткен. Оңай жолмен ақша табу мақсатында денсаулыққа қауіпті емес күш қолданып, бөтеннің мүлкін жымқыру ниеті туындаған. Болмашы сөзді желеу етіп, жолаушымен сөзге келіп, бет-тұсынан бірнеше мәрте ұрып-соққан. Әлсіреген жолаушының смартфонын тартып алып, жол бойына тастап кеткен. Осылайша, бөтеннің мүлкін ашық жымқырып, тонау қылмысын жасаған.
Ер адам ҚР ҚК-нің 191-бабының 2-бөлігі бойынша 3 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сондай-ақ осы жазаны өтеу барысында жылына бір жүз сағатқа мәжбүрлі еңбек атқаруға міндеттелген. Қазіргі таңда сотталған азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы орган белгілеген аймақта мәжбүрлі түрде күніне төрт сағаттан аспайтын уақытта тазалық және көгалдандыру жұмыстарымен айналысып жүр.
Жалпы, мәжбүрлі еңбек тағайындалған сотталғандардың атқаратын жұмыс уақытын есептеу және оны қадағалау ҚР ҚАК-нің 62-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы органға жүктелген. Бүгінгі күні Қармақшы аудандық пробация есебіндегі үш сотталған азамат сот үкімімен мәжбүрлі еңбекке тартылған.