БҚО-да дүкендерден шоколад ұрлағандар ұсталды
БҚО-да дүкендерден шоколад ұрлағандар ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы уақытта Орал қаласындағы супермаркеттер мен дүкендерден шоколад ұрлау фактілері көптеп кездеседі. Ал мұндай тәттілерді жасөспірімдер емес, орта жастағы тұрғындар ұрлайды. Жауап алу кезінде анықталғанындай, біріншіден, бұл Merci шоколадының қорабы жіңішке, салып алуға ыңғайлы, екіншіден, сату кезінде де арзан бағаға өте өтімді тауар болып есептеледі.
Мәселен, 32 жастағы азамат қаладағы супермаркеттен 6 дана Merci шоколадын алып шықса, сол күні кеште сол супермаркеттен 40 жастағы азамат тағы сол шоколадты ұрлаған. Тағы екі күннен кейін, 36 жастағы әйел басқа дүкеннен осындай шоколадтың 4-еуін қолды қылған. Ал ақпанның 10 күні 1976 жылғы тұрғын Merci шоколадының 3 данасын білдіртпей ұрлап кеткен.
Сондай-ақ 42 жасар ер адам супермаркетте сөредегі құны 6 816 теңгені құрайтын «Ballantines» виски ішімдігін қолтығына салып алып шығып кеткен. Ұрланған заттар тәркіленген жоқ, алайда, бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Аталған фактілерге қатысты Орал қаласы ПБ Абай Пб қызметкерлері күдіктілерді анықтап, қолға түсірді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 187-бабы 1-бөлігіне (Ұсақ-түйек жымқыру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.