Алматыда «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы басталды
Алматыда «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы басталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қалалық көші-қон қызметі хабарлағандай, 20-28 ақпан аралығында қала аумағында республикалық «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсаты – тиісті қоғамдық тәртіпті сақтау, шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзу деректерін анықтау.
– Іс-шараның бірінші күнінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 224 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, ал 16 шетелдік Қазақстаннан шығарылды. Сонымен қатар шетелдіктердің Қазақстан Республикасында болуының заңдылығын қамтамасыз ету шараларын қолданбағаны үшін 80 қабылдаушы тарап жауапкершілікке тартылса, ҚР-ға шетелдік жұмыс күшін тарту ережелерін бұзғаны үшін 8 жұмыс берушіге айыппұл салынды. Қабылдап-тарату бөліміне жеке басын куәландыратын құжаты жоқ 135 шетелдік орналастырылды», – деді, Алматы қалалық ПД Көші-қон қызметі Басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Бутунчинов.
Баяндамашының айтуынша, Алматының Түрксіб ауданындағы құрылыс нысандарының бірінен гастарбайтерлер табылды. Көпқабатты үйдің құрылысына алты шетелдік тартылған.
– Сонымен қатар, бұл азаматтардың тіркеуі бойынша олар Алматыға турист атын жамылып келгенімен, іс жүзінде ақша табуды көздеген. Осылайша, олар ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігінің (Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы) нормаларын бұзған. Аталған іс жүргізу материалдары шешім қабылдау үшін Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданды. Олармен бірге жұмыс беруші де жауапкершілікке тартылды. ҚР ӘҚБтК-нің 519-бабы 1-бөлігінің (Шетелдiк жұмыс күшiн және еңбекшi көшiп келушілерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып тарту) талаптары бойынша оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды», – деді, полковник Бутунчинов.