Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заппаров: “Есірткі қылмысымен бірлесіп, ұлттық деңгейде күресу керек”

Алматы қаласы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаров халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаров халық алдындағы жыл сайынғы есеп беру кездесуінде ІІМ 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі кешенді жоспарды әзірлегенін мәлімдеді. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық деңгейде әрекет ету, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың кең ауқымын тарту.

– Өткен жылы Алматыда 468 есірткі қылмысы анықталып, есірткі сатудың 132 дерегінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 715 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 117 келі синтетикалық есірткі, осылайша, біз жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеден астам синтетикалық есірткінің кемінде 1,5 миллион дозасын таратуға жол бермедік. Ағымдағы жылдың үш айында, біз 118 келіден астам есірткі мен 74 тонна прекурсорларды тәркіледік, яғни 8 тонна синтетикалық есірткі немесе 8 миллион бір реттік дозаны өндіруге жол бермедік. Синтетикалық есірткілерді шығаратын 10 есірткі зертханасы жойылды. Өкінішке орай, ойын-сауық мекемелерінде есірткінің таралуының өсуі байқалады. Қызметкерлері есірткі сатумен әшкереленген 4 бар, клубтың қызметін тоқтату және лицензиясынан айыру туралы ұсыныс енгіздік, – деді Арыстанғани Заппаров.

Сонымен қатар ол Алматыда 95 есірткі қойып кетушінің ұсталғанын хабарлады. Олар есірткіні сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды және соттармен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

– Есірткі тарату және жарнамалаумен айналысқан 590 интернет-сайт анықталды. Бұл ресурстар кәмелетке толмағандар арасында танымал және ашық түрде болғаны алаңдатады. Біздің бастамамыз бойынша олардың барлығы бұғатталды. Біз интернеттегі жағдайды бақылауды жалғастырамыз және сайттардың қайта жасалуына (қайталануына) жол бермейміз. Сондай-ақ 4 есірткі қоймасының жойылғаны туралы хабарлаймын. Олар бір топ адамның тұрақты тұрғылықты жері бойынша ұйымдастырылған, олар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында бірге тұратын кішкентай балаларына қарамастан, нашақорларға есірткі тұтыну үшін үй-жай берген, – деді А.Заппаров.

Сонымен қатар Алматы қаласы ПД-ның басшысы еріктілерге, спортшыларға, мәдениет қайраткерлеріне белсенді азаматтық ұстанымдары үшін және есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 10 мыңнан астам граффити жазуларын анықтауға және бояуға көмектескендері үшін алғысын білдірді. Айтпақшы, есірткіні жарнамалаған 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру