Қызылорда облысында аккумулятор ұрлаған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылды
Қызылорда облысында аккумулятор ұрлаған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуырда автокөліктің аккумуляторын ұрлаған азамат Сырдария аудандық пробация есебіне алынып, мәжбүрлі еңбекке тартылды. С. есімді азамат ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, оған екі жыл алты ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған.
Жаза өтеуінің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын 100 сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбек тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. Өзінің айтуынша мекеме автокөлігінің аккумуляторын ұрлап кеткен. Қазіргі таңда ол өзінің тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы орган белгілеген орында мәжбүрлі түрде күніне төрт сағаттан аспайтын уақытта тазалық және көгалдандыру жұмыстарымен айналысып жүр.
Сырдария аудандық пробация қызметінің инспекторы Ермек Шанжаров есептегі сотталғандардың қайта қылмысқа бармауы, сот жүктеген міндеттерді орындауы тұрғысында профилактикалық жұмыстарымен қатар мәжбүрлі еңбекке тартылған сотталғандарды жұмыс орнынан тексеріс жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ есептегі сотталғандармен мәдени-спорттық шаралары жиі өткізіледі.