Маңғыстау облысында жыл басынан бері 44 ЖКО тіркелген
Маңғыстау облысында жыл басынан бері 44 ЖКО тіркелген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қозғалысы қауіпсіздігі – күнделікті күн тәртібіндегі мәселелердің бірі. Жол сақшылары көлік тізгіндегендерді үнемі тәртіпке шақыруда, десек те оны жүргізушілер толыққанды елемей жатады. Тәртіпке бағынбайтын жүргізушілер өз өмірлерімен қоса, өзге жол қозғалысы қатысушыларының да өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігетінін жете түсіне бермейді.
Маңғыстау облысында жыл басынан облыс бойынша барлығы 44 жол апаты тіркелген, статистика өткен жылмен салыстырғанда аралық кезеңдегі жол-көлік оқиғаларының 15,8%-ға азайғандығын көрсетеді.
Жол-көлік оқиғаларына талдау жасай отыра, жол апаттары жиі орын алатын учаскелерді тексеру, сол арқылы кемшіліктерді жою бойынша атқарушы органдарға нұсқамалар жолдау, құқық бұзған жүргізушілерді тоқтатып ескерту жұмыстарын жүргізу, өрескел жол ережесін бұзушыларды сәйкесінше жауапкершілікке тарту, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу, сыртқы көрнекі құралдар арқылы халыққа хабарландыру, сақтық шараларын ескерту – мұнын барлығы онсыз да үздіксіз жасалынып жатқан полицияның кешенді жұмыстары.
Жол-көлік оқиғаларының белгілі бір бөлігі жылдамдықты елемейтін жүргізушілердің кесірінен болады. Осы жағдай басты себеп екенін ескере отыра, жылдамдық режимін бұзатын жүргізушілерді анықтау үшін “Кибер-Шериф” борттық кешенін іске қосу, жол апаты жиі тіркелетін және қауіпті деп саналатын учаскелерде жылжымалы жылдамдық өлшегіш құрылғыларын пайдалану секілді шаралар қабылданды және олар аз уақыт ішінде өзінің оң нәтижелерін көрсетті. Қазіргі кезде облысымызда “Сергек” бейнебақылау камералары орнатылуда, ол іске қосылған кезде заң бұзушылықтар да едәуір азаймақ.
Жыл басынан 2 ай ішінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жол апатының алдын алудың басты жолы – жүргізушінің болсын, жаяу жүргіншінің болсын өз-өзін дағдылауында, сақтануында және заңға бағынуында. Апат айтып келмейді, дегенмен де сақтықта қорлық жоқ. Полиция департаменті өңіріміздің тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.