Жетісу облысында такси жүргізушісі ауылдасының малын ұрлаған
Жетісу облысында такси жүргізушісі ауылдасының үш асыл тұқымды бұзауын ұрлаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл факт Кербұлақ ауданында тіркелді. 6 сәуір күні Аралтөбе ауылының кәсіпкері полицейлерге жабық қорадан үш асыл тұқымды бұзау ұрланғаны туралы хабарлаған.
– Мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен жақын маңдағы елді мекендер арасында жеке тасымалдаумен айналысатын 33 жастағы ер адам ұсталды. Ұрланған мал көршілес екі ауылдан табылып, тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды. Қазір соттың санкциясымен ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деді Кербұлақ аудандық полиция бөлімінің бастығы Ербол Ахметқалиев.
Іс бойынша тергеу амалдары ҚР ҚК-нің 188-1-бабына (Мал ұрлығы) сәйкес жүргізіліп жатыр.
Жалпы, жыл басынан бері полиция өңір тұрғындарына бұрын ұрланған 45 малды тауып, қайтара алды.