Абай облысында сотталған азамат сүйіктісімен заңды некеге тұрды
Абай облысында сотталған азамат сүйіктісімен заңды некеге тұрды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысындағы №21 мекемесінде жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатқан сотталған Т. есімді азамат бостандықта танысқан сүйіктісімен заңды некеге тұрды. Ресми неке қию рәсімі Семей қалалық АХАЖ бөлімінде өтті.
Іс-шара қарапайым болды, жас жұбайлар құжаттарға қол қойып, сақина алмасу арқылы қарым-қатынастарын нығайтты.
– Мекемелерде жақын адамдармен кездесуге рұқсат етіледі. Алдағы күндері, әрине, мекеменің ережесіне сәйкес, әйеліммен кездескім келеді. Мені бостандықта сүйетін, күтетін заңды жарым бар деген ой жанымды жылытады, – дейді Т. есімді азамат.
Жалпы, мекеме тарихында жақындарымен тағдырын байланыстырған сотталғандар аз емес.
– Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі сотталғандардың некегелерін қолдаудың басты мақсаты – олардың бойында отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін ояту, сол арқылы сотталғандарды тәрбиелеу үдерісіне ықпал ету, – дейді сотталғандарды жұмыспен қамту бөлімінің аға инспекторы Елес Мұхамедиев.