Ұлытау облысының тұрғындары полицияға 26 қару өткізді
Ұлытау облысының аймағында 10 сәуірден бастап халықтан заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сатып алу мақсатында «Қару» акциясы өткізіліп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл акцияның басты мақсаты – атыс қаруымен жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу. Акция басталғаннан бері Ұлытау облысы бойынша полиция департаментіне 26 бірлік атыс қаруы, оның ішінде, тегіс ұңғылы 21 бірлік, ойық ұзын ұңғылы 5 бірлік қару тапсырылды.
– Барлық тапсырылған қару есепке алу бойынша тексерілді және баллистикалық сараптамадан өтуде. Ережеге сәйкес, заңсыз сақталған атыс қаруын, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды ақшалай сыйақы үшін тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция бөлімшесіне барып, өтініш бере алады, – дейді ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Каримов.