СҚО полициясы үш жас суретшіні марапаттады
СҚО полициясы «Менің қаламдағы қауіпсіз жол қозғалысы» сурет байқауының жеңімпаздарын марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында балалардың қатысуымен бес жол апаты болды. Салдарынан бір бала қайтыс болды, төрт бала жарақат алды. Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу үшін жергілікті полиция қызметінің басқармасы кешенді профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Іс-шаралардың бірі 9-14 жас аралығындағы балаларға арналған «Менің қаламдағы қауіпсіз жол қозғалысы» тақырыбындағы суреттер байқауы болды – «Бала және бағдаршам» республикалық жобасының бір бөлігі. Оның аясында қозғалыстың жас қатысушылары ЖҚЕ туралы білімдерін көрсетті.
Байқаудың жүлдегерлері 14 жастағы Кукса Вячеслав пен София Ноздрина болды. Ал 10 жасар Айлана Таңатар бірінші орынды жеңіп алды. Оқушыларды жеңіспен СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары Қанат Айтбаев құттықтады. Ол жүлдегерлерге грамоталар мен естелік сыйлықтар табыс етті.
– Шығармашылық конкурстар — ЖҚЕ есте сақтаудың, оқушылардың жолдарда қауіпсіз жүріс-тұрыс дағдыларын қалыптастырудың тиімді құралы. Жазғы демалыс қарсаңында ата-аналардан балаларымен барлық ережелерді қатаң сақтау қажеттілігі туралы қосымша әңгімелер өткізуді сұраймыз. Қалада серуендеу кезінде ғана емес, көпқабатты үйлердің аулаларында да қырағы болу, велосипедтер мен скутерлерде, мопедтерде және гироскутерлерде жүру кезінде сақтық шаралары мен жол ережелерін сақтау маңызды. Ата-аналар мұндай әңгімелерді жүргізіп қана қоймай, жол ережелерін сақтау үлгісін жеке мысалмен көрсетулері қажет, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.