Қызылорданың ҚАЖ қызметкерлері облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барды
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №68 мемлекеттік мекемесінің кадр саясат бөлімі жеке құрам бойында патриоттық сезімді қалыптастыру мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайына баруды ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 мамыр – Халықаралық музей күні. Осыған орай ұйымдастырылған бұл іс-шараға ауысымнан шыққан жас қызметкерлер қатысты. Погон таққан қызметкерлерді музей қызметкері Жолмырза Бақнұр қарсы алып, алдымен музей тарихы, ондағы бөлімдер мен залдар, коллекциялар жайында қысқаша түсініктеме берді. Экскурсия барысында жас құрамға кейбір ежелгі артефактілердің түпнұсқалары жайында айтылып, музейдің ашылған уақыттан бастап сыр шертетін жәдігерлері мен сирек фотосуреттері көрсетілді.
Тарихи жәдігерлерді көзімен көріп, олар туралы мағлұматтарды естіп білген тәуелсіз елдің азаматтары Қызылорда облысының Екінші дүниежүзілік залы мен этнография, мәдениет және өнер залы мен Тәуелсіз Қазақстан залдарына қойылған экспонаттарға аса ерекше қызығушылық танытты.
– Сыр өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі дегені рас. Бүгін мен Жетіасар мәдениетінің жәдігерлері керамикалық флягалар, құмыраларды, қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, оларға бейнеленген ою-өрнектері, білезік пен сырға түрлерін көріп ғажабына тәнті болдым. Флягалардың ішінде сұйық тағамдарын, шараптарын сақтаған екен. Бұл ыдыстың ішінде тұрған тағамдар бірқалыпты температурамен біршама уақытқа дейін құнарлығы мен балғындығын жоймаған, – деді ҚАЖД қызметкері Нүрзия Қыдырбекқызы.