Жетісуда жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыттарын ұйымдастыру мәселесі талқыланды
Жетісуда полицейлер, ТЖ, әкімдік, дәрігерлер мен мектеп педагогтары жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақыттарын ұйымдастыру мәселесін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесу Талдықорған қаласының оқушылар сарайында өтті. Оған қатысушылар облыстың барлық өңірлерінен жиналды.
Полиция департаментінің атынан форумда облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Қайсар Мұхметов қатысты. Полиция қатысушылардың назарын жасөспірімдер мен кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстардың алдын алуға аударды.
– Жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытына ерекше назар аударғым келеді. Яғни, демалыс лагерлерінің жұмыс істеуі, олардың бос уақыты, бір іспен шұғылдану және бала қылмыс объектісіне айналуы мүмкін фактілерді ескерту, сондай-ақ балалардың жол-көлік жарақаттарының алдын алу тақырыбы. Бұл тек тәртіп сақшыларының ғана міндеті емес. Өскелең жас ұрпақты тәрбиелеу және қорғау жауапкершілігі барлық ересектерге жүктеледі. Өйткені, көпшілігіміз ата-анамыз, – деді Қайсар Мұхметов өз сөзінде.
Форум барысында полицейлер жасөспірімдер мен балаларға қатысты статистиканы айтты. Биылғы жылы кәмелетке толмағандар жасаған 7 қылмыс тіркелсе, оларға қатысты 23 қылмыс жасалғаны көрсетіледі. Түрлі жол-көлік оқиғасында 6 бала қайтыс болды және 53 бала жарақат алды.
Полиция аймақтың барлық ересек тұрғындарын балалар үшін жауапкершілікті күшейтуге шақырады. Оларды барлық жағымсыз жағдайлардан және ауыр зардаптардан сақтап, қорғайық.