Жамбыл облысында 16 млн теңгеге героин контрабандасының жолы кесілді
«Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Жамбыл облысы ҰҚК шекара қызметі департаментімен бірлесіп Қырғыз Республикасынан Қазақстанға героин жеткізу арнасының жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұрын есірткі сақтағаны үшін істі болған Алматы облысының тұрғыны ұсталып, одан салмағы 700 грамнан асатын героин есірткі затының 2 полиэтилен пакет тәркіленді. Күдікті әйел өз кінәсін толық мойындады.
Тәркіленген партия 1500-ден астам адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
– Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 286-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі контрабандасы) және 297-бөлігі 3-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Осы баптың санкциясы мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру не өмір бойына бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деп хабарлады Жамбыл облысы ПД ЕҚҚІБ бастығы Әлім Бажықбаев.