Алматы академиясының қызметкері республикалық эссе байқауында жүлделі орынға ие болды
Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы факультет бастығының орынбасары Әділ Төлмағанбетов республикалық эссе байқауында лайықты III орынға ие болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкентте жазушы-майдангер, көрнекті журналист Кемел Тоқаевтың туғанына 100 жыл толуына орай жазушының «Сарбаз соғысқа кетті» атты өмірбаяндық романы бойынша республикалық эссе байқауы өтті.
Бұл байқауда Қазақстан Республикасы ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы факультет бастығының орынбасары Әділ Төлмағанбетов III орынға ие болды.
Академия қабырғасында 15 жылдан астам оқытушылық тәжірибесі бар Әділ Төлмағанбетов өзінің «Сарбаз соғысқа кетті» шығармасына жазған эссесі оның өмірінде жазған алғашқы шығармашылық жұмысы екенін және роман авторы оқырманға қазақ азаматтарының Отанды қорғаудағы патриоттық жауапкершілігін көрсетуі шабыт бергенін айтты.
Жүлдегер бұл шығарма жаңа заманауи Қазақстанды құруда өскелең ұрпақты тәрбиелеуге зор үлес қосатынын атап өтті.