Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

1 млн теңгеге есірткі сатуды жоспарлаған жамбылдық тұрғын ұсталды

Жамбыл облысының Шу ауданында есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен 47 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел іс-шараларды Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Қарасора – 2023» жедел алдын алу іс шарасы аясында ҚР ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментімен және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлінісімен бірлесіп жүргізді.

Жеке тінту жұмыстарын жүргізу барысында жалпы салмағы 3 келі 800 грамм болатын есірткі заты бар пакет табылды. Сараптама қорытындысы бұл гашиш есірткі заты екенін көрсетті. Күдікті бұрын есірткіні белгілі бір орынға жинап көміп қойып, пакетті үйіне алып бара жатқан кезде ұсталған. Ол қара базарда бұл есірткіні 1 млн теңгеге сатуды жоспарлапты. Ер адам осындай есірткі қылмыстары үшін бірнеше мәрте істі болғаны белгілі болды.

– Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Шу ауданының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қазіргі уақытта осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі (Аса ірі мөлшерде есірткі құралдарын заңсыз сақтау) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Бұл бап 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру