Алматыда жыл басынан бері 5 мыңға жуық мопед жүргізушісі жауапқа тартылды
Бұрын хабарланғандай, Алматыдағы Арбатта полиция қызметкерлері іс-шара жүргізіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тыныштықты бұзу деректері бойынша Арбатқа іргелес жатқан үйлердің тұрғындарының жүйелі арыздануынан кейін құқық бұзушылықты алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар белсендірілді.
Біраз уақыттан бері жаяу жүргіншілер аймағы азаматтардың сүйікті демалыс орнына ғана емес, мопед жүргізушілерінің де бас қосатын орнына айналды.
Ал әрбір жиналғандары қоғамдық тәртіпті, азаматтардың тыныштығын бұзумен қатар жүреді.
Бұл факторлар жергілікті тұрғындардың орынды наразылығын тудырып жатады.
– Көрсетілген аумақта жаяу патруль, ал іргелес аумақта көлік патрульдері күшейтілді. Мақсатты іс-шара жұмыстары басталғалы полицияға шара қолдану үшін 39 мопед жүргізуші жеткізілді. Олар ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы (Тыныштықты бұзу) және ҚР ӘҚБтК-нің 615-бабы (Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы) бойынша жауапкершілікке тартылды. Екі апта ішінде Арбаттан біздің бөлімшеге тәртіп бұзған барлығы 98 мопед жүргізуші жеткізілді, – деді Алмалы аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
Жылдың басынан бері ҚР-ның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 4 мың 911 мопед жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.