Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Биыл СҚО-да заңсыз тасымалдаушылардың кінәсінен екі жол апаты тіркелді

СҚО-да жыл басынан бері заңсыз тасымалдаушылардың қатысуымен екі жол-көлік оқиғасы тіркелді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

СҚО ПД полицейлері жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматовтың төрағалығымен “AMANAT” партиясының алаңында мүдделі органдардың өкілдерімен талқылады.

Полицейлердің айтуынша, 5 айда облыста 99 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 10 адам қаза тауып, 148 адам жарақат алған. Бұл ретте жолаушылар көлігінің қатысуымен ЖКО болмаған. Апаттың себептері – жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу. Заңсыз тасымалдаушылар бөлек қауіп төндіреді: пайда табу үшін олар ережелерді жиі бұзады. Биыл заңсыз тасымалдаушылардың қатысуымен 2 ЖКО тіркелді. Солардың бірінде небәрі 2 жыл жүргізу өтілі бар 20 жастағы Toyota Alphard жүргізушісі Қызылжар ауданының аумағында апатқа жол берді. Салдарынан 5 адам ауыр жарақат алды, жолаушы әйел қайтыс болды.

– Жергілікті полиция қызметі басқармасы СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп заңсыз тасымалдаушыларды анықтау бойынша рейдтер жүргізуде. Жыл басынан бері кәсіпкерлік қызметпен заңсыз айналысқаны үшін 21 әкімшілік хаттама жасалды. Жолаушыларды тасымалдау ережелерінің сақталуын бақылауды күшейту – полицияның маңызды міндеттерінің бірі, – деді Айдын Байматов.

Талқылау барысында кездесуге қатысушылар заңсыз тасымалдаушыларды анықтаудың бірлескен алгоритмін әзірледі. Қорытындылай келе, Айдын Байматов оң нәтижеге қол жеткізу мүдделі органдар мен жұртшылықтың бірлескен күш-жігерімен ғана мүмкін екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру