Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облысында ПД бастығының төрағалығымен жедел кеңес өтті

Бүгін Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Махсудхан Аблазимовтің төрағалығымен жедел кеңес өтті Жиында 5 айдағы жедел-қызметтік жұмыстың нәтижесі қаралды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алдын алу жұмыстарын күшейту нәтижесінде қылмыс деңгейі айтарлықтай азайып, қазіргі уақытта  өңірдегі криминогендік ахуал  тұрақты. Бұл кешенді әрі уақытылы қабылданған шаралардың нәтижесі. Мысалы, өңірде аса ауыр қылмыс саны – 61,3%-ға, ұрлық  – 28,5%-ға, пәтер ұрлығы  – 24%-ға, мал ұрлығы – 53,8%-ға төмендеді.

Бүгінгі жедел кеңесті бастамас бұрын ПД бастығы Қоғамдық қауіпсіздікті азаматтық қоғаммен серіктестікте қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын жеке құрамға таныстырып, басты талаптарына тоқталды. Жалпы, бұл жобаның үш стратегиялық бағыты бар: азаматтардың өмірі, денсаулығы, мүлкін қорғау деңгейін арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алудың тиімді жүйесін құру; полицияны қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи тиімді ұйымға айналдыру. Бұл тұжырымдамада  “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидатына сәйкес келетін қоғамның нақты сұраныстары да ескерілетін болады.

Департамент бастығы жеке құрамның назарына тұжырымдаманың маңызын, мақсатын және іске асыру тәсілдерін жеткізіп, құжаттың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі департамент бастығының төрағалығымен өткен кеңесте атқарылған жедел-қызметтік жұмыстың қорытындысы мен жеке құрам арасындағы тәртіптің, заңдылықтың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың жай-күйі талқыланды.

– Жеке құрам арасындағы заңдылық пен тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлық сипатындағы әрекеттердің алдын алу, анықтау жұмыстары ерекше назарда. Күн тәртібінен түспейтін мәселенің бірі – сыбайлас  жемқорлықпен күрес.

Сыбайлас жемқорлықтың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау және жою үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жасауға баса назар аударылып отыр. Қазіргі қазақстандық полицияның өзекті міндеті   қолжетімділік пен ашықтықты арттырып, тұрғындармен кері байланыс орнату. Өз кезегінде, полицияның ашықтығы сыбайлас жемқорлықпен күресте негізгі қағидаттардың бірі болып отыр.

2022 жылғы қаңтардан бастап Мемлекет басшысы бекіткен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасын іске асыру үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін Integrity Check парасаттылығына тексеру бойынша пилоттық жоба іске қосылғаны белгілі. Бұл жобаның жүзеге асырылуы полиция қатарындағы сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне септігін тигізбек, – деді департамент бастығы.

Сондай-ақ, Қызылорда облыстық ПД бастығы қазіргі уақытта алаяқтық, интернет-алаяқтық қылмыстарының жұртты алаңдатып отырғандығын да айтты. Тіркелген алаяқтық қылмыстарды талдасақ, ”Несие алуға көмектесемін”, “Кезексіз жер алып беремін”, “Кезектен тыс пәтер алып беремін” деп үйіп-төгіп уәде беріп, сенгіш адамдардың сеніміне кіріп, ақшасын алғаннан соң зым-зия болатын алаяқтар көп. Интернет желісі немесе телефон арқылы есепшотына ақша салдырғаннан кейін ізін жасыруға тырысатын алаяқтар да аз емес.

Президент ішкі істер министріне интернет алаяқтыққа қарсы шараларды жандандыруды тапсырды. Бүгінгі күнге алаяқтық қылмыстардың алдын алу мен болдырмау бағытында Қызылорда облысы полиция департаменті кешенді іс-шаралар атқарып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы облыстың тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, алаяқтардың арбауына түсіп қалмау жайлы қандай сақтық шараларын сақтау керектігі түсіндіріліп жатыр.

Бұдан бөлек, департамент бастығы қазіргі қоғамның басты індеті есірткі мәселесіне де тоқталды. Жастардың осы індетке әуестенуі қазіргі кезде үдеп бара жатыр. Ұрпақ қамын ойлаған әрбір азамат есірткіге қарсы қолдан келгенше барлық шараларды жасау қажеттігі  дөп басып айтылды. Қазір барлық сала ашықтық пен жариялылық қағидатын ұстануда. “Жұртқа жақын полиция” қағидаты жергілікті полиция қызметінің жұмысына жаңа серпін берді.

Қоғаммен ашық тіл табысу, азаматтардың сеніміне ие болу, атқарылған жұмыстарды ашық көрсету және көпшілікпен бірлесе қылмыстың алдын алу жұмыстары әрбір учаскелік полиция инспекторының басты мақсатына айналғанда ғана бұл сала жұмысы нәтижелі болатыны белгілі. Бұл ретте департамент бастығы учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция инспекторлары және патрульдік полицейлердің құқық бұзушылықтың алдын алудағы рөліне баса мән беріп, қызметін күшейтуді  тапсырды.

М.Аблазимов кейбір қызмет салаларының жұмысына қатысты сын-ескертпе айтып, бүгінгі таңда тек халықтың сенімін арттыруға ғана басымдық берілуі тиіс екендігін басып айтты. Сонымен қатар кеңес барысында  полицияның жұмысын жақсарту, ішкі істер органдарын цифрландыру, полицияны халыққа жақындату, оң имиджін нығайту, халықты жан-жақты және шынайы ақпараттандыру, полиция қызметін жетілдіру бағытындағы шаралар жөнінде де сөз қозғалды.

Кеңес қорытындысы бойынша департамент бастығы Махсудхан Аблазимов жедел-қызметтік жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытта бұл жұмыстардың тиімділігін арттыру бойынша нақты шараларды белгіледі. Жедел кеңесте қызмет  басшыларына берілген тапсырмалардың орындалуын департамент бастығы ерекше бақылауға алды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру