Павлодар облысының тұрғыны үйінде заңсыз алкоголь сатқан
Павлодар облысының тұрғыны үйінде заңсыз алкоголь сатқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар ауданының аумағында тәртіп сақшылары алкоголь өнімін заңсыз сатуға жол бермеу мақсатында тұрақты негізде тұрғындармен профилактикалық жұмыс жүргізеді.
– Рейдтік іс-шаралар барысында Павлодар ауданындағы ауылдардың бірінде алкогольді рұқсат құжаттарынсыз сату фактісі анықталды. Ауыл тұрғыны алкогольді үйден лицензиясыз сатқан. Осы құқық бұзушылық бойынша учаскелік полиция инспекторы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама жасады. Сонымен қатар Павлодар аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері құрамында спирті бар үй өндірісінің заңсыз айналымы фактілерінің жолын кесу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде, – деп атап өтті Павлодар аудандық полиция бөлімінің бастығы Жанат Мұсабеков.
Биыл Павлодар облысында алкоголь өнімін заңсыз сатудың 50 фактісі анықталды, сондай-ақ 35 дүкен иесі тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.