Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада есептегі 10 сотталған маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу орталығынан ем алып шықты

Қызылордада пробация есебіндегі 10 азамат маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу орталығынан ем алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жыл басынан Қызылорда қалалық пробация есебіндегі 15 сотталған азамат маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеу орталығына орналастырылған. Олардың бірі жүйелі түрде ішімдік ішетінін және отбасының мазасын алатынын айтып, пробация инспекторларынан көмек сұраса, енді біріне сот үкімімен белгіленген. Пробация қызметінің аға инспекторы Жанар Сұлтанованың айтуынша, қазіргі таңда 5 азамат ем қабылдауда. Олардың біріне 1 айға, енді біріне 6 айға дейін ем тағайындалған.

– Орталықта ем қабылдап жатқан азаматтарға айына бір рет келіп, толғандырып жүрген сұрақтары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қоса жаза өтеудің тәртібі, қайта қылмыс жасаудың жазасының ауырлығын, сот жүктеген міндеттерді орындау қажеттігін түсіндірдік, – дейді Жанар Сұлтанова.

– Өзім ішімдікке жақын едім. Мас болып, отбасымның мазасын алып, берекесін қашырып жүрдім. Жұмыс жасамайтын, тапқанын ішімдікке жұмсайтын адамды кім жақсы көрсін. Пробация қызметкерлерінен көмек сұрадым. Осы қалалық пробация қызметкерлерінің ықпалымен осы орталыққа жатқызылдым. Қазіргі таңда ем алып жатырмын. Денсаулығым да дұрысталып келеді. Ішімдік ішу ешкімге опа әпермейді. Толық ем алып шыққан соң жұмысқа орналасып, отбасыма көмек бергім келеді, – дейді ем қабылдап жатқан азамат.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру