Павлодарда құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төккен азамат жауапқа тартылды
Павлодарда ер адам қоқысты рұқсат етілмеген жерге төккені үшін жауапкершілікке тартылды, - де хабарлайды Polisia.kz.
Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында жергілікті пабликтердің бірінде жүргізушінің құрылыс қалдықтарын рұқсат етілмеген жерге төгіп жатқан сәті түсірілген бейнежазба жарияланған.
— Аталған бейнежазбаға байланысты полиция қызметкерлері тексеру жүргізіп, Газель автокөлігінің 39 жастағы жүргізушісі ҚазПравда және Парковая көшелерінің қиылысында қоқысты заңсыз төккенін анықтады. Жүргізуші абаттандыру қағидаларын бұзғаны және тиісті рұқсатсыз қайта жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Жандос Байкенов.
Айта кетейік, жыл басынан бері Павлодар облысының полицейлері қоғамдық орындарды ластау және аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 2125 құқық бұзушыны жауапкершілікке тартқан.
