Кентауда тұрғынның қомақты қаржысын алаяқтықпен қалтасына басқан күдікті анықталды
Түркістан облысында жер алып беремін деп тұрғынның 2 млн теңгесін иемденіп алған күдікті ер адам анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, сырттай таныс ер адам жер алып беремін деп оны сендірген. Содан күдікті қызметі үшін 2 млн теңге ақшасын алып, екі жыл бойы алдап келген.
Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша тіркеуге алынды.
Тұрғынды алдап, ірі көлемде қаржыны қалтасына басқан күдікті ер адамды ұстау үшін тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, қажетті шараларды атқарды. Нәтижесінде күдіктінің тұрғылықты мекенжайы анықталды. Ол жұмыссыз жүрген азамат болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікке ілінген ер адамның бұрын осындай қылмысы үшін істі болғаны анықталды. Қазіргі таңда оған қатысты осыған ұқсас басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.