Астаналық полицейлер шеберханада жасалған ұрлықтың бетін ашты
Сотқа дейінгі тергеу барысында Байқоңыр ауданының полиция қызметкерлері ұрлық жасаған қала маңындағы ауылдың екі тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кешкі уақытта 39 және 38 жастағы ер адамдар шеберхана есігінің құлпын бұзып, ішке кірген. Үй-жайды қарау кезінде ер адамдар бірігіп Alteko бұрыштық кескіш пен бұрағышты шеберханадан алып шығып, 200 мың теңге көлемінде залал келтірген. Ер адамдардың қимылдары дүкеннің аумағындағы бейнебақылау камераларына түсіп қалғаны белгілі болды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрылар уақытша ұстау изоляторына қамалып, ұрланған электр құралдары ломбардтан тәркіленіп, иесіне қайтарылды.
Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабымен (Ұрлық) тергеу жүргізіліп жатыр. Ер адамдар кінәсін мойындады. Олардың бұрын елордада жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Астана қаласының полиция департаменті шағын және орта бизнес иелеріне тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлатпас үшін нысандарды қорғау шараларын қабылдауды, аумақтарды бейнебақылау камераларымен жабдықтауды және күзет дабылын орнатуды ұсынады.