Қарағанды облысында 12 млн теңгенің мұнай өнімін жымқырған тұрғындар ұсталды
Қарағанды облысында құны 12 миллион теңгеге жуық болатын мұнай өнімін қолды қылған ауыл тұрғындары ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Теміртау қалалық полиция басқармасына қарасты Шығыс полиция бөліміне мұнай өнімдерін көтерме жеткізумен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің басшылығы арызданды. Белгілі болғандай, аталған серіктестік жанар-жағармай сату станциясымен мұнай өнімдерін сатып алу келісім-шартына қол қойған. Бухгалтерлік есеп-қисап жүргізу барысында 11 миллион 893 мың теңге ақша жетіспеушілігі анықталған.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 23 пен 40 жас аралығындағы екі ауыл тұрғыны ұсталды. Олар мойындау көрсетпе белгілерін берді.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.