Жамбыл облысында 2 мыңға жуық есірткі құралдарының ампуласы тәркіленді
Жамбыл облысында 5 тәулікте екі мыңға жуық есірткі құралдарының ампуласы мен 8 мың литр прекурсор тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысының аумағында кең ауқымды «Дәрмек» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Іс-шара қорытындысы бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 34 дерегін анықтады.
Оның ішінде 13 қылмыс, яғни аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында есірткіні заңсыз сақтаудың төрт дерегі, аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтаудың 5 дерегі, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 3 фактісі, құрамында есірткі заттары бар есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың бір дерегі анықталды.
Полицейлер ҚР ҚК-нің 296-бабының 1, 2, 3-бөліктері бойынша екі қылмыстық теріс қылық, ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабының 1-бөлігі бойынша 19 әкімшілік құқық бұзушылықты, сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 427-бабының 1-бөлігі бойынша бұзушылықтарды анықтады. Облыс бойынша барлығы 25 дәріхана, 10 медициналық мекеме тексерілді.
– Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген 5 тәулікте барлығы 85 келі 234 грамм каннабис өсімдіктері, 538 грамм 500 мгр кептірілген марихуана, 8 мың литр «күкірт қышқылы» прекурсорлары, 765 грамм «улы заттар» және дәрілік есірткінің 1960 ампуласы заңсыз айналымнан алынды, – деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы Әлім Бажықбаев.