Америкалық азаматтың Павлодар полициясына деген көзқарасы
Америкалық азамат қиын сәтте көмек қолын созған Павлодар полициясына алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
АҚШ азаматы Коллет Дэвид Қазақстанның тыныс-тіршілігімен танысу үшін жұбайы Маргаритаға қонаққа келген.
– Павлодарлықтардың жоғары мәдениеті, шетелдіктерге деген сыпайылығы мен құрметі, әдемі де тәрбиелі балалары, жақсы жабдықталған спорт, ойын алаңдары мені таң қалдырды. Мен ел үкіметінің қалаларды абаттандыруға бюджет бөлгені, тұрғындарды тегін концерттермен, бос уақытты қызықты өткізумен және тағы басқа мүмкіндіктермен қамтамасыз еткені үшін ерекше құрметтеймін, – деп Дэвид көші-қон қызметіне айтты.
Бірақ болу мерзімі аяқталғаннан кейін авиабилеттерді ұсынған компания билеттерді рәсімдеуде қателік жіберді. Соның салдарынан ерлі-зайыптылар Астана әуежайында қалуға мәжбүр болған.
– Біз кімге жүгінбедік, ешкім дұрыс кеңес бере алмады. Тіпті қазіргі жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы кеңес бере алмады. Тек қарапайым полиция қызметкері бізді ренжіген күйде көріп, тыңдағаннан кейін Павлодардағы көші-қон қызметіне жүгінуге кеңес берді. Мұнда бізді полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасы бастығының орынбасары Гомар Шабиденов қабылдап, қазіргі жағдайда алдағы іс-әрекеттер туралы егжей-тегжейлі айтып берді, – дейді Маргарита.
Бірақ келесі күні Дэвид тағы бір қиындыққа тап болды. Көші-қон қызметіне бара жатқан Дэвид паспортын ұмытып кеткен. Әбден мұңайып қалған ол тағы да Гомар Шабиденовке жүгінді. Ол дереу такси жүргізушісін анықтауға кірісті. Бір-екі сағаттан кейін төлқұжат көші-қон қызметіне жеткізілді. Дэвид пен Маргарита Гомар Шабиденовке көрсеткен көмегі үшін алғыс айтты.
Енді Ертең Дэвид пен Маргарита Қазақстаннан Америкаға ұшады. Бірақ олар павлодарлық полиция қызметкерлерінің адал жұмысын, олардың адамдарға деген көзқарасын және қиын уақытта әрқашан көмектесуге дайын екенін ешқашан ұмытпайды.