Терезе жасауға уәде берген тараздық азамат тұрғындардың ақшасын жымқырған
Таразда ер адам пластикалық терезе мен балкон орнатамыз деген желеумен тұрғындардың ақшасын иемденген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тараз қалалық полиция басқармасының 1-ші полиция бөліміне ықшам аудандардың бірінің тұрғындары арызданған. Олар белгілі бір азаматтың арзан бағамен пластикалық терезелер мен балкондарды жасап, орнатып беремін деген желеумен олардың сеніміне кіріп, ақшасын иемденіп, кейін түрлі сылтаулармен жалтарып немесе қоңырауларға жауап бермей жүргенін хабарлады.
Пластикалық бұйымдарды орнату үшін тұрғындар оған 300 мың теңгедег 585 мың теңгеге дейін қаражат берген. Сенген азаматтардан жиналған қаржы көлемі 2,1 млн теңгеден асады.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері облыс орталығының 23 жастағы тұрғынын анықтады. Ер адам өз кінәсін толық мойындады, қазіргі уақытта келу туралы міндеттеме бойынша босатылды.
Осы қылмысты жасағаны үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік көзделген.