Павлодарда колонияға спирттік ішімдік кіргізудің екі дерегі анықталды
Павлодарда колонияға спирттік ішімдік кіргізудің екі дерегі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің №44 (қауіпсіздік деңгейі ең төмен) мекемесінде құрамында спирті бар сұйықтықтарды әкелу әрекетінің жолы кесілді.
– Тексеру кезінде күдіктінің бөтелкені көйлегінің астына жасырғаны белгілі болған. Айтуынша, ол кешкі уақытта жарық сөнгенше ішіп алмақ болған. Алайда сұйықтық кұйылған бөтелке тәркіленіп, сараптамаға жіберілді. Сотталған тәртіптік камераға орналастырылды, – дейді мекеме басшының орынбасары Султан Бакин.
Екінші әрекетті колония аумағына кіріп жатқан көлік жүргізушісі жасап, тексеру кезінде көліктің шанағынан алкогольдік бөтелке табылған.
Жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы (Қылмыстық-атқару жүйесiнің мекемелерiнде, арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдарға тыйым салынған заттар, бұйымдар мен нәрселер беру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сараптама қорытындысы бойынша бұл зат алкогольдік деп танылған.