Маңғыстау облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары қала мектептерін тексерді
Маңғыстау облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары қала мектептерін тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғау органдары оқу орындарындағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударады. Білім беру мекемелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері қашан да полицияның жіті бақылауында.
25 тамыз күні облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болатбек Ақшауов жаңа оқу жылындағы балалар қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз ету мақсатында Ақтау қаласының бірқатар мектептеріне барды.
Болатбек Ақшауов әр мектептің ресми өкілдерімен жеке кездесіп, автотұрақ, балалардың мектепке кіріп-шығу тақырыбында сөз қозғады. Оқыс оқиғалар болған кезде қандай жағдайлар қарастырылғандығын, яғни қай білім беру нысанында қанша эвакуациялық есіктер бар екендігіне айрықша ден қойып, жан-жақты тексерді.
Бұдан бөлек, ПД бастығының бірінші орынбасары тарапынан мектеп басшылығына бала қауіпсіздігін арттыру жолдары ұсынылып, жергілікті полиция қызметі, әкімшілік полиция басқармасы және патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне нақты тапсырмалар берілді.
Білім беру ұйымдарының өкілдері де ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қызықтырған сауалдарына ішкі істер органдары тарапынан жауап алды.