Елордалық полицейлер тұрғынның телефонын иемденіп кеткен алаяқты ұстады
Елордалық полицейлер тұрғынның телефонын иемденіп кеткен алаяқты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицияға 52 жастағы қала тұрғыны Сұлукөл көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында белгісіз біреу телефон соғуды өтініп, Redmi 9 ұялы телефонын иемденіп алғаны туралы арызданған.
Жәбірленушіден мән-жайды анықтап білген Сарыарқа аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында алаяқтық жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамды анықтады.
Тергеп-тексеру барысында ол түнгі уақытта жәбірленушіге жақындап, онымен әңгімелесіп сеніміне кірген. Сәлден соң қоңырау шалу үшін телефон беруін өтініп, ұялы телефонды алып, сөйлеп тұрғандай кейіп танытып, бірте-бірте алыстап жәбірленушінің жанынан ғайып болған.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ол кінәсін мойындап, елордада жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығының бар-жоғы қаралып жатыр.