Шымкентте сатушы әйелді ұрып, дүкен тонаған күдікті көңіл көтеру орнынан ұсталды
Шымкентте сатушы әйелді ұрып, дүкен тонаған күдікті көңіл көтеру орнынан ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бас киімін төмен түсіріп киген күдікті түн ортасында азық-түлік дүкеніне сатып алушының кейпінде кірген. Сауда нүктесінде сатушының жалғыз екеніне көз жеткізгеннен кейін ер адам оған шабуыл жасаған. Қорғансыз әйелді жерге құлатып, бірнеше рет соққыға жыққан соң кассадағы 50 мың теңгені алып, «ізін суытқан».
Жәбірленуші бұл туралы полицияға хабарлады. Оқиға орнына дереу Әл-Фараби АПБ-ның жедел-тергеу тобы барды.
Қызметкерлер куәгер болуы мүмкін азаматтармен сөйлесіп, бейнебақылау камераларының жазбаларын тексерген соң күдіктінің жүрген жерін анықтады. Нәтижесінде, ер адам «ізін суытпай» бірнеше сағаттың ішінде тамақтану мекемесінде ұсталды. Белгілі болғандай, Түркістан облысының 26 жастағы тұрғыны тапқан олжасын бірден көңіл көтеруге жұмсаған.
Полицейлер зорлық-зомбылықпен тонау жайтын ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы 2-бөлігі бойынша тергеп жатыр.
Ұсталған адам полиция департаментінің УҰИ-ға қамауға алынды.