Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Көлік полицейлері пойыздан қалып қойған зейнеткерге көмектесті

Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері пойыздан қалып қойған егде жастағы әйелдің Алматыға жетуіне көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға келесідей өрбіді. 19 маусымда Күлпан Балкибаева Астана – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызына мінген болатын. Пойыз Қарағанды-Жолаушылар станциясына келген кезде, ол таза ауамен дем алу үшін, далаға шығады. Пойыздың жүретінін хабарлаған кезде, қайта мінуге үлгере алмай қалған.

Осы орайда оған Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы ЖПб патрульдік полиция взводының инспекторлары Темур Қожақметов пен Руслан Шержанов, Жанболат Искаков және Тайыр Тұяқовтар бірден көмекке келген.

Күлпан апаның айтуынша, оның барлық жеке заттары, алтын сақиналары, 100 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен құжаттары пойыздың купесінде қалып кеткен.

Тәртіп сақшылары болған оқиғаның мән-жайын анықтап, дереу қажетті шараларды қабылдады. Олар Күлпан апаны вокзалдағы қонақ бөлмеге орналастырып, жүріп кеткен пойыз бастығына жедел түрде хабарласып, зейнеткердәң пойыз вагонында қалып кеткен заттарын Алматы станциясындағы желілік полиция басқармасының қызметкерлеріне тапсыруды сұрады. Олар әйелді келесі пойызға мінгізіп, Алматыға шығарып салды.

Күлпан апа көліктегі полиция департаментіне арнайы келіп, оның бастығы Бақытжан Малыбаевпен жеке кездесіп, осындай адал, өзіне қиналған кезде көмек қолын созған қызметкерлерге алғыс білдірді.

– Сіздің қарамағыңызда осындай қызметкерлердің жұмыс істейтініне өте ризамын және шексіз алғысымды білдіремін….сондай-ақ бұл өте жанашыр балалардың ата-аналарына да маған қарт адам ретінде, ана ретінде, зейнеткер ретінде көмектескендері үшін алғыс айтамын, – деді Күлпан апа.

– Халықтың игілігі үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген полицейлердің адал қызметін бағалаған, азаматтардың тарапынан келіп түсетін мұндай алғыс сөздер – департамент басшылығы үшін де, біздің қатардағы полицейлер үшін де ең құрметті марапат, – деді Б.Малыбаев.

Сондай-ақ ведомство басшысы Күлпан Хасанқызына зор денсаулық, табыс тілеп, ол кісіні кез келген сапарда жүрген кезде мұқият және сақ болуға шақырды.

Департамент басшылығы кәсіпқойлығы мен өз міндеттерін адал атқарғандығы, сондай-ақ қажет кезінде жолаушыға көмек көрсеткендері үшін көлік полициясының жоғарыда аталған қызметкерлерін көтермелеу туралы шешім қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру